Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қарсаңында халыққа тегін қызмет көрсетуші медициналық мекемелердің саны артып келеді
Көрсетілген медициналық көмектің көлеміне сәйкес Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржыландыратын ауруханалар мен емханалар саны ай сайын артуда. Халыққа көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне үнемі мониторинг жүргізіліп отырады. Ең бастысы, науқастарды диагностикалау және емдеу стандарттары тексеріледі. Емдік шаралар мемлекеттік немесе жеке медициналық ұйым болғанына қарамастан, тең дәрежеде көрсетілуі тиіс. Медициналық ұйым көрсететін көмектің сапасы болашақта бұл ұйыммен келісімшарт жасалу-жасалмауына тікелей әсер етеді. Бүгінде ақтөбеліктерге тегін медициналық қызмет көрсетеміз деген 63 медициналық мекемемен келісімшарт жасалды. Бұл ұйымдардың 20-дан астамы жекеменшік клиникалар. Олар қазір тұрғындарға тегін кепілдендірілген медициналық көмек түрлерін көрсетіп жатыр. Алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек барлығымыз үшін тегін. Оны мемлекеттік медициналық мекемелермен қатар «Дару», «Қуаныш», «Медикус центр», «Медикер Илек», «Евразия», «Темір жол ауруханасы» «Шапағат» (Қандыағаш) секілді жеке клиникалардан да алуға болады.